You are here

«Балалар қиялындағы Қазақстан»

Қор  қызметінің басым бағыттарының  бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Оның ішінде балалардың әлеуметтік ортасына көркемөнер құралдарын біріктіру шараларын өткізу басты назарда.Ал көптеген балалар үшін шығармашылық – тек қызғылықты да тартымды іс қана емес, өзін таныту мүмкіндігі де екені мәлім.

Сондықтан Қорымыз бұл игі жобаны іске асыруға белсене қатысты. Қор «Балалар қиялындағы Қазақстан» атты суреттер жинағын жарыққа шығарды. Бұл жинаққа Алматы қаласының №2 көпсалалы емханасында ем қабылдап жатқан бүлдіршіндердің өз қолдарымен салған түрлі-түсті суреттері енгізілген. Жоба барысында  «Балалар қиялындағы Қазақстан» атты республикалық  шығармашылық байқау өткізіліп, «Ең үздік сурет» номинациясында жеңімпаздардарды бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсімі өткізілді. Бұл суреттер жинағы ҚР Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың мерейтойына орай жарық көріп,  Қор атынан Елбасына сыйға тартылды.

Бұл жинақтың басты мақсаты – қоғамның назарын бала денсаулығына аудару болып табылады. Науқас балалар нені қиялдайды? Немен өмір сүреді? Арман-тілектері қандай? Науқас бүлдіршіндер кейде ойындағыны айтып жеткізе алмайды. Алайда көкейіндегіні ақ қағаз бетіне түрлі-түсті қылқалам арқылы түсіре алады. Байқағанымыз бала көңілі әрдайым пәк, әрі кіршіксіз таза. Себебі қаншалықты денсаулықтары сыр берсе де, ешбір бейнелеу туындысында сұрғылт бояу қолданылмаған.